Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігі: қалыптасуы мен даму көкжиегі» тақырыбында Қазақстан тарихшыларының I Конгресi басталды.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған Тарихшылар конгресінің негізгі мақсаты — отандық тарих ғылымын жаңаша зерделеу. Ол үшін ғылыми мәжіліс барысында Тәуелсіздік жылдары кезінде тарих ғылымының даму барысы талқыланып, жаңа әдістемелік бағдарламаларды әзірлеу жайы сөз болмақ. Бұдан басқа отандық тарихтың методологиясын зерттеудің өзекті мәселелері, ұлттық идея, әлемдік қауымдастыққа Қазақстанның кірігуі, қазақ халқының тарихи-мәдени мұраларын сақтау және басқа да өзекті мәселелер қаралатын болады.
Конгрес барысында сөз сөйлеген ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов атап көрсеткендей, 20 жыл көне тарих үшін қас қағым сәт болып көрінсе де, Қазақстан аз уақытта ғасырға бергісіз даму жолынан өтті. «20 жылда еліміз экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалардың нәтижесінде еңселі мемлекетке айналды. Тәуелсіздіктің тұғырын бекітіп, еліміздің даму жолын айқындап берген Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатын бүкіл әлем мойындады. Тарихи сананы қалыптастыру, тарих ғылымын жетілдіру Елбасының көреген саясатының басым бағыты болып келеді. Елбасының бастамасымен 1995 жылы «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы» қабылданды. 1998 жыл — «Халық бірлігі мен Ұлттық тарих жылы» деп жарияланды. Ал 2004 жылғы 13 қаңтарда «2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бұрын Қазақстан тарихы Кеңестер Одағы тарихының құрамдас бір бөлігі ретінде ғана қаралды. Енді еліміздің тарихын әлемдік тарих шеңберінде зерттей бастадық. Қазақстан көшпелілер өркениетінің орталығы, түркі халықтарының ата жұрты ретінде әлемге таныла бастады. Осындай жағдайда өткен тарихымыздың шынайы бейнесін жасау — ұлттық идеямыздың құрамдас бөлігіне айналуы қажет. Ол ұлт бірлігі мен отаншылдыққа тәрбиелеудің басты факторларының бірі. Тарих — халықтың зердесі, қайнар күші. Әр халық өз тарихынан қуат ала отырып, жасампаздыққа бастайтын шабыт алады. Сондықтан да болар бүгінгі күні тарихқа қызығушылық — сәнді іске айналды. Кәсіби тарихшылар мен олардың жариялаған кітаптарының саны көбейді. Ал, әуесқой тарихшылар қаншама! Бұл тарихқа деген сұранысты көрсетеді. Сондықтан, еліміздегі мектептер мен жоғары оқу орындарында тарих міндетті пәндердің бірі. Қазақстанда тарих пәні мұғалімдері мен жоғары оқу орындарындағы ұстаздар саны мыңдап саналады. Бұл — осы мамандыққа деген қажеттілікті көрсетеді. Бүгін тарих ғылымы өзгерді. Кеңестік уақыт артта қалды. «Партия тарихшылары» жазған дүниелердің басым көпшілігі құнсызданды. Жаһандану мен әлемдік бәсекелестік қазақстандық тарих ғылымына да бұрын-соңды болмаған міндет қоюда. «Қазақстан қандай бағытта дамуда?» немесе «Біз қандай қоғам құрдық?» деген мәселелер күн тәртібінде тұр. Оны талқылауға экономистер, саясаттанушылар, әлеуметтанушылармен қатар тарихшылар да өз үлестерін қосуы тиіс. 20 жыл ішінде көптеген мұрағат қорлары ашылды. Халықаралық байланыстар нығайды. Қазақ тарихнамасында көптеген істер жүзеге асты. Дегенмен зерттеушілердің алдында үлкен міндеттер тұр. Бірінші кезекте, ұлт тарихын зерттеу методологиясын жетілдіру қажет. Методология — тарихи шындықты дәйектеуге арналған заңдылықтар мен әдіс-тәсілдер жиынтығы екені белгілі. Тәуелсіздік тарихының методологиясын қалыптастыруға Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі зор. Президенттің «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Қазақстан жолы» еңбектері жаңа дәуірді түсінудің, зерттеудің негізін қалыптастырды. Елбасының бастамасымен жүзеге асқан ірі саяси оқиғалар ел тарихының жаңа кезеңдеріне негіз болды. Мысалы, Жаңа конституцияны қабылдау, Астананы көшіру, Азия кеңесін құру, Еуропалық ұйымға төрағалық ету тәуелсіздіктің жаңа кезеңдерін қалыптастырды. Сонымен бірге осындай іргелі оқиғалар жаңа зерттеулерге де серпін берді. Президенттің ғылыми-тәжірибелік ізденіс тәсілі тәуелсіздіктің мәні мен мазмұнын ашуға мүмкіндік беруде. Сонымен бірге тарихшылардың жаңа тобының қалыптасуына да үлкен әсер етті. Келесі іргелі мәселе — Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу кезеңдерін дәйектеу. Осы мәселеге байланысты Елбасымыздың өз пікірін білдіруі — оның өте өзекті екендігін айқындап отыр. Қазақ тарихын дәуірге бөлу туралы әртүрлі пікірлер бар. Бұл — зерттеушілердің тарихи деректер арқылы дәлелдеген көзқарастары. Бірақ, Кәсіби тарихшылар қауымы осы деректер негізінде ортақ тұжырымға келгені жөн. Мұндай қадамның болашақ үшін маңызы өте зор. Үшінші өзекті мәселе — ұлттық тарихты оқыту. Оқу материалдары мен оқыту әдістері өзгеріп отыратыны белгілі. Бірақ тарихты оқытудың басты қағидасы — фактілерге сүйену өзгермейді. Сондықтан, оқулық пен мамандарды дайындауда тарихшылар бірігуі тиіс. Бұған ғылыми потенциал да, материалдық мүмкіндік те жеткілікті. «Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология», «Археология және этнография», «Р.Сүлейменов атындағы шығыстану» және «Мемлекет тарихы» ғылыми зерттеу институттарында беделді тарихшылар еңбек етуде. Енді осы орталықтар Ұлттық университеттермен бірігіп, Қазақстан тарихы бойынша іргелі еңбек дайындаса нұр үстіне нұр болар еді. Тағы бір ерекше назар аударатын мәселе — Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеу және оқыту. Бұған негіз болатын тәжірибе бізде баршылық. Мемлекеттік егемендік туралы декларациядан бастап «Жол картасына» дейінгі аралық тұтас бір тарихи кезең», — деп атап көрсетті министр.
Конгрес аясында сан алуан тақырыптарға арналған «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылып, мәжіліс соңында жиынға қатысушылардың қорытынды Қарарын қабылдау жоспарланып отыр.
Конгресті ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті.
Добавить комментарий